«Тәуелсіздік таңының жұлдызымыз» үш тілді интеллектуалды-танымдық ойын

        Тәуелсіздік тәңір берген тәтті сый. Қатпарланған тарих парағындағы кеше өткен ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сары бала, қара қазанның қамы үшін, мынау дархан даламыздың ешкімге бағынышты болмай, өзіміз би, өзіміз қожа болуымыз үшін арпалысып, бабалардың маңдайына бітпеген асылы, басына бұйырмаған алтын тәжі, бүгінгі ұрпақтың уысында тұрған қазынасы. 

       Міне осы баға жетпес байлығымыз уысымызға түсіп, азаттықтың ақ таңы атқалы, айымыз оңынан туып, күніміз күліп тұрғаны, өзге елдермен иық тірестіріп, өз тілімізді өзіміз ұстағалы, жұлдызымыз жарқырап, өз елтаңбамызды, ан ұранымызды бекітіп, көк туымызды көк аспанда самғатып, қыранымызды еркін ұшырып, тарихымызды түгендеп, мәңгілік елдің мұратын, мақсатын бекіткелі 25 жыл болды. Бұл елім деген қазақтың қай баласына болсын бөрігін аспанға лақытырып, көзіне жас алып тұрып, бүгініне шүкір етіп болашағына зор үмітпен қарап, үлкен қуанышпен, мақтанышпен тойлайтын мереке екені рас.

       Осы мерекеге және де қазақ елінің көшбасшысы, дара да дана тұлға, еліміздің президенті күніне орай жаратылыстану – география факультеті апталық жариялап, әр түрлі шаралар өткізді. 29 қараша күні апталық барысында химия және биология мамандығының көптілді тобының 2-курс студенттері арасында «Тәуелсіздік таңының жұлдызымыз» атты үш тілде интеллектуалды-танымдық ойын өткізілді. Ойынның мақсаты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында студенттердің білім деңгейін анықтау, ойлау қабілеттерін дамыту, сөйлеу мәдениетін, жан-жақты ой - өрісін жетілдіру, ой ұшқырлығын, оқуға деген ынтасын арттыру. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін өркендетуге, тәуелсіздігіміздің шексіз, мәңгі болуына адал қызмет ететін білімді де жан-жақты дамыған, интеллекті жоғары, батыл текті, намысты ұрпақ, шынайы патриоттар тәрбиелеу. Өз Отанын сүюге, туған елінің тарихын, зиялы тұлғаларын тануға шақыру болды. Бұл ойынға «Алатау» және «Шаңырақ» атты екі топ қатысып, өзара бақ сынады. Нәтижесінде «Шаңырақ» тобы жеңіске жетті. Ойын өте қызықты және де өте жоғары дәрежеде өтті. Алдағы уақытта осындай берері мол ойындар өз жалғасын тапса екен деген ниет білдіреміз. 

      Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш, басымыздан бақ кетпей, бағындырар биігіміз көп болғай!